2026 жылғы 9 маусымда Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының «Жоғары медициналық колледжі» КМК-сына Корея Республикасының Чунхэ медициналық ғылымдар университетінің (Choonhae College of Health Sciences) делегациясы ресми сапармен келді.
Сапар халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, медициналық білім беру саласындағы тәжірибе алмасуға және екі оқу орны арасындағы академиялық ынтымақтастық перспективаларын талқылауға бағытталды.
Делегация құрамында халықаралық ынтымақтастық бөлімінің директор орынбасары, даму саласындағы халықаралық ынтымақтастық орталығының директоры, радиология кафедрасының профессоры Ким Ёнрэ, қабылдау комиссиясының директоры және Global Beauty кафедрасының меңгерушісі профессор Чхве Ёнчжин, даму саласындағы халықаралық ынтымақтастық орталығының жауапты профессоры, мейіргер ісі кафедрасының өкілі профессор Ким Юми, Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық елшісі Ким Сан Ук және «Ханин Ильбо» газетінің директор орынбасары Ли Хён Гён болды.
Сапар аясында қонақтарға колледж қызметі, білім беру бағдарламалары, заманауи материалдық-техникалық базасы және даму бағыттары таныстырылды. Колледж директоры оқу орнының жетістіктері, медициналық кадрларды даярлау жүйесі және алдағы даму жоспарлары туралы таныстырылым ұсынды.
Өз кезегінде Чунхэ медициналық ғылымдар университетінің өкілдері университет қызметі туралы бейнеролик көрсетіп, денсаулық сақтау саласындағы мамандарды даярлауға арналған білім беру бағдарламаларын таныстырды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар медициналық білім беру саласындағы серіктестікті дамытуға, академиялық ұтқырлықты кеңейтуге, оқытушылар мен студенттер арасында тәжірибе алмасуға, сондай-ақ бірлескен білім беру жобаларын жүзеге асыруға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Меморандумға қол қою колледждің халықаралық байланыстарын нығайтудағы маңызды қадам болып, оңтүстіккореялық серіктестермен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға негіз қалады.

