Сіздерді Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Бұл мереке бізге 1991 жылдың 16 желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заңды еске салады. Ол еліміздің әлемдік қауымдастықтағы толыққанды өмірге қадам басуының бастау нүктесі болды. Осы жылдар ішінде халқымыздың бірлігі, даналығы мен еңбекқорлығы кез- келген сынақты еңсеруге қабілетті екенін талай рет дәлелдедік.
Тәуелсіздік күні – біздің еркіндігіміздің, мәдени даралығымыздың және өз даму жолымызды таңдауға құқығымыздың символы. Бұл айтулы күні біз ата-бабаларымызға және тәуелсіздікті нығайтып, мемлекеттілікті бекіткен замандастарымызға алғысымызды білдіреміз. Тәуелсіздік жаңа өркендеу көкжиектерін ашып, Қазақстанға халықаралық өмірдің белсенді қатысушысы болуға мүмкіндік берді.
Бүгін біз әділеттілікке, тең мүмкіндіктерге және жасампаз еңбекке сүйене отырып, дәстүрлерге құрмет көрсетілетін, таланттар қолдау табатын, тіл мен мәдениет дамитын, ал қоғам мен билікті сенім мен жауапкершілік байланыстыратын мемлекет құрып келеміз. Болашақ ұрпақ алдындағы парызымыз – тәуелсіздікті қастерлеп сақтау және оның әл-ауқат пен прогрестің негізі екенін әрдайым есте ұстау.
Баршаңызға мықты денсаулық, бақыт және амандық тілейміз! Әр шаңырақта бейбітшілік пен келісім орнасын, отбасыларымыз берік болып, балаларымыз сүйіспеншілік пен сенімде өссін. Отанымыздың туы әрқашан биікте желбіреп, тәуелсіздігіміз жыл өткен сайын нығая берсін!

