ТӘЖІРИБЕ МЕН БІЛІМДІ ҰШТАСТЫРҒАН
70 түлек мейірбике ісі бойынша кешкі бөлімді оқып-бітіргендері жөнінде қолдарына диплом алды. Оның жетеуі оқуларын үздік оқығандары үшін Қызыл диплом иегері атанды.
Алматы қаласындағы емдеу мекемелерін орта буынды медицина қызметкерлерімен қамтамасыз етуде Алматы медицина колледжінің атқарып отырған қызметі зор. Колледжді бітірген түлектер «біз жұмыс іздемейміз, бізді жұмыс іздейді» дегенді мақтанышпен айтады. Ол сөздің жаны бар. Өйткені, Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасына қарасты бұл білім ордасы орта буынды медицина мамандарын даярлайтын оқу орындары арасындағы жалғыз мемлекеттік оқу орны болып саналса, колледж қаламыздағы 52 емдеу мекемесімен өзара келісімге қол қойған. Оқу орынының тағы бір ерекшелігі, мұнда кешкі оқыту бөлімі жұмыс істейді. Демек, қаламыздағы емдеу мекемелерінде кіші медициналық қызмет атқарып жүріп, арнайы білім алсақ деп армандайтын жастардың білім алып, өздері қалаған саласы бойынша қызметтерін жалғастыруға толық мүмкіндік жасалған. 11-ақпан күні емханалар мен ауруханалардағы ауыр жұмыстарымен қатар, білім алуды мақсат еткен армандары биік,тәжірибе мен білімді қатар ұштастырған сол 70 түлек мейірбике деген мәртебелі мамандық туралы дипломдарын қолға алды. Олардың диплом алу құрметтеріне арналған салтанатты жиынды колледж директоры Ақмира Садықова ашып, қолдарына дәрігерлердің серіктесі әрі әріптесі болуға мүмкіндік алған түлектерді, олардың ата-аналары мен отбастарын қуанышты сәттерімен құттықтады. Білімге құштарлық танытып, жұмыстарын, отбастарын, бала тәрбиесімен қатар алдарына білім алу мақсатын қойған түлекктерді «Нұр Отан» партиясының Алмалы аудандық филиалының өкілі Самат Төрехан, колледждің оқытушысы, медицина ғылымдарының докторы, академик Хамит Нұржановтар құттықтап, оларға сәтті сапар тіледі. Өз кезегінде студенттер емдеу ісіндегі ең жауапты міндетті арқалайтын, науқастарды тек дәрімен ғана емес, жүректің мейірімі мен алақанның жылуымен емдейтін мейірбике ісіне баулыған ұстаздарына алғыстарын білдірді. Әсіресе, Ұстаз деген ұлағатты есімге лайық, осы оқу орынында отыз бес жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан Жәмила Дауытқызына, кешкі бөлімнің деканы Музира Ажаубекқызына колледж директоры Ақмира Садықоваға шын жүректен алғыстарын айтты. Салтанатты жиын соңы директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Майгүл Жұмаханованың ұйымдастырумен қойылған студенттердің концертіне ұласты.